Мәжіліс депутаттары ел аралап, шаруалардың мәселесін тыңдады

186
25.06.2022 05:19

Жайылым жер – елдегі күрмеулі мәселелердің бірі. Сондықтан заңсыз жеке меншікке өткен және пайдаға аспай жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтару керек. Осылайша халыққа әділ түрде үлестіру мақсатында «Amanat» партиясы жанынан  арнайы комиссия құрылған еді. Бүгін аталған комиссия өкілдері Түркістанға арнайы жұмыс сапарымен келді. 

Бос жатқан жайылым жерлерді қайтарып, оларды ауыл тұрғындарына қолжетімді ету керек. Бұл - Президент тапсырмасы. «Amanat» партиясы жұмысқа шұғыл кірісті. Комиссия өкілдері киелі шаһарға арнайы ат басын бұрды. Олар Түркістан, Кентау қалалары мен Сауран ауданының шаруа қожалықтарының жетекшілерімен кездесті. Кездесу барысында тұрғындар көкейтесті сауалдарын жолдады. Мәселен, заңсыз бау бақша егуге қатысты шара қолданылатынын жасырмады. 

ДӘУЛЕТ КӘРІБЕК «AMANAT» ПАРТИЯСЫНЫҢ ХАТШЫСЫ:

- 17 мың гектар жер. Кезінде осы кәсіпкерлерге өтіп кеткен жерлердің барлығы 17 мың гектар жер еді. Қазір осы екі апта ішінде қайтарылды. Енді алдағы уақытта да ол жұмыс жалғасатын болады. Бау бақша  егіндік жерлердің өзінің қайтару жолдары бар. Бірінші заңсыз берілген, сосын пайдаланылмай жатқаны. Егер ол заңсыз берілген жер болса, міндетті түрде қайтады. 

Бүгінде Ордабасы ауданында жайылымдық жер тапшы. Атап айтқанда, Төрткүл, Бадам, Қажымұқан ауылдық окруктері. Осы аумақтарға жалпы алаңы 4 515 гектар жайылымдық жерді аудандық қорға қайтарып беру мақсатында жаңа қаулы қабылданды. Бүгінгі таңда жер пайдаланушылармен келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде 4 515 гектар жердің 1 264 гектар жері аудандық қорға қайтарылды. Десе де тұрғындар өздеріне жағдай жасалмағанын айтып әлек. Себебі әлеуметтік жағдайына қарамастан басым бөлігінде 1-2 гектарлық жер учаскесі де жоқ көрінеді.              

ДАРХАН АППАСОВ, ТҰРҒЫН:

- Жастардың барлығында жер жоқ. 1 гектар жер жоқ жұмыс істейін десе. Ауданға барсақ конкурс 20 гектардан кем жүрмейді екен. Ал жас отбасыларға 1-2 гектар жер берсе күнін көрер еді. Қаңғып барлығы арба айдап жүр. Міне, әңгіме осыдан болып тұр. 

Жалпы, өңір бойынша өткен жылдың басында ортақ жайылым жер көлемі – 8 679 гектарды құраған. Мұндағы негізгі мәселе жұрт шаруашылығындағы мал басына қажетті ортақ жайылымның тапшылығы. Дегенмен енді жер және оның қойнауы, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі болуы керек. Сондықтан бұдан былай оның игілігін халық көреді.