Түркістанда мемлекеттік қызметкерлер күніне орай ерекше жоба ұйымдастырылды

221
23.06.2022 09:46

«Мемлекеттік қызметшілерді "халық жауы" сияқты көретіндер де бар. Шенеунік деген сөз жағымсыз ұғымға айналып барады. Бұл – дұрыс емес». Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық Құрылтайда айтқан сөзі бұл. Қалай десекте ақ жағалылардың барлығына бірдей қара күйе жағу дұрыс емес екені анық. Өйткені жұмыстары ауыр артылған жауапкершілік жоғары. Оған бүгін қарапайым азаматтар да куә болды. 

Бауыржан Ниязбеков Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы  қызметіне жайғасты. Жақында ғана тағайындалған шенеунік қайда кетті деп уайымдамаңыз. Бұл бір күндік ауыс-түйіс. Осылайша әкімдіктегілерді жиі сынайтын қоғам белсендісі мемлекеттік қызметшілердің шынайы жұмысын өз көзімен көрді. Оңай еместігін мойындады. 

Су жаңа басшы алдымен аппарат жиналысына қатысты. Онда жазғы мектеп жобасының қорытындысы,  1-сыныпқа қабылдау ісі басқа да кезек күттірмейтін жұмыстар пысықталды. Бұдан бөлек, біздің кейіпкер БАҚ өкілдерінің қатысумен өткен брифингте бой көрсетіп,  білім саласындағы кадрлардың тапшылығы мәселесін шешудің жолдарын ұсынды. 

Кезекті кейіпкеріміз Әбдиев Ерлан. 1 топ мүгедегі. 3 баланың әкесі облыс әкімдігі ұйымдастырған жобаға кездейсоқ келген жоқ. Түркістан облысы әкімінің мүгедектігі бар азаматтардың мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі өзімен тағдырлас жандардың жағдайын жақсарту үшін бүгін облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының тізгінін өз қолына алды.

Мүмкіндікті қалт жібермеген біздің кейіпкер жұмыс күні барысында аз-қамтылған және көпбалалаы отбасы мүшелерімен, мүгедектігі бар азаматттармен кездесулер өткізіп, олардың өтініш-тілектерін тыңдады. Түркістан облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаеваның айтуынша  халықтың 79 пайызы әлеуметтік қорғау саласы ұсынатын қызметтерге мұқтаж. Сондықтан бұл басқармаға артылған жүк те ауыр десек артық болмас.

Жобаны ұйымдастырушылардың айтуынша аталған бастамаға Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқан сөздері түрткі болған. Сондықтан мемлекеттік қызметшінің жауапкершілікке толы жұмысын халыққа етене таныстыру аса маңызы дейді Өркен Балажанов.