Қазақстан ресейлік көмір тиелген вагондарды бұғаттап тастағаны рас па?

661
21.06.2022 10:26

Қазақстан өз аумағында ресейлік 1 700 вагон қозғалысын бұғаттап тастады деген ақпарат тарады. Теміржол вагондарында көмір тиелгені айтылған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәліметінше, бұл - хабарламалар жалған ақпарат.

"Шын мәнінде, Қазақстан аумағында көмір тиелген 1700 ресейлік вагон жоқ. РТЖ жолдарында да Қазақстанға бағытталған я болмаса Қазақстаннан шыққан көмір тиелген вагондар тіркелмеген", - делінген ведомство хабарламасында.

Ведомство бұл жалған ақпаратты қасақана жасалған іс-әрекет ретінде қарастырады.

"Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ресейлік транзиттік вагондардың кешігуі туралы жалған ақпаратты - екі ел арасындағы тату көршілік қатынастарды әлсіретіп, беделін түсіруге бағытталған қасақана жасалған іс-әрекет ретінде қарастырады", - делінген хабарламада.

ИИДМ Көлік комитеті теміржол инфрақұрылымы және жүк тасымалы басқармасы басшысы Сәтжан Өзбековтің айтуынша, ешқандай кідіріс жоқ.

"Ресей темір жолдарымен штаттық режимде жұмыс істеп жатырмыз, экспорт пен импорт бойынша ешқандай кідіріс жоқ", - деді Сәтжан Өзбеков.