ҰБТ аралық нәтижесі бойынша 215 талапкер тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды

205
21.06.2022 08:24

Еліміз бойынша 215 талапкер ҰБТ тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Олар тестілеуге смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтпек болған. Сондай-ақ, тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 199 адам шығарылып, олардың да нәтижелері жойылды. 

Айта кетсек, Қазақстанда негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу 5 шілдеде аяқталады. ҰБТ-ның аралық нәтижесін ұсынған Ұлттық тестілеу орталығының мәліметіне сәйкес, бүгінге дейін түлектердің 75% – қазақ тілінде, 24,8% - орыс тілінде, 0,1% ағылшын тілінде емтиханнан өтті. Шекті балды 67% жуық талапкер ғана жинай алған. 

РУСЛАН ЕМЕЛБАЕВ, ҰЛТТЫҚ ТЕСТІЛЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: 

- Тестілеудің бесінші аптасы аяқталды, барлығы штатты режимде өтіп жатыр. Жалпы негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 290 мыңға жуық өтініш келіп түсті, олардың ішінде 160 мың өтініш бірінші мүмкіндікке, 130 мың өтініш екінші мүмкіндікке берілген. Қазіргі таңда 170 мың рет тест тапсырылды, яғни талапкерлер екінші мүмкіндігін пайдалана бастады. Өткен аптамен салыстырғанда орташа балл 1 балға жоғарылады.