Түркістанды түлеткен тұлға - Рашид Аюпов

297
18.06.2022 08:53

Түркістанның облыс орталығы болып құрылғанына биыл 4 жыл. Біздің редакция ұжымы осы уақыт ішінде қаланың дамып, өсуіне үлес қосқан азаматтар жайында айтуды жалғастырды. Бүгінгі кейіпкеріміз рухани шаһардың логотипінен бастап, әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуде, қаланың инфрақұрылымын қалыптастыруда өлшеусіз үлес қосқан жан.  

Рашид Аюпов. Түрленген түркістандықтар үшін жат есім емес. Себебі ол 2019 жылдың шілдесінде, яғни шаһар  еліміздің рухани астанасына айналған тұста билік басына келіп, біраз игі істерідің басы-қасында жүрді. Еліміздің рухани астанасын 2 жыл қатарынан тізгіндеген Аюпов несімен есте қалды екен? Өткенге көз жүгіртіп көрейік.

Алдымен Рашид Аюповтың жеке басына тоқталсақ.  Ол 1981 жылы 4 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласында туған. Информатика бакалавры, мемлекеттік басқару магистрі, заңгер. «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританиядағы Патшайым Марияның Лондон университетін тәмәмдаған. 

Рашид Аюпов әр жылдары Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде, Премьер-министрдің кеңсесінде, тағы басқа жоғары лауазымды қызметтерді атқарған. Алайда көпшілік оны Түркістан қаласының әкімі ретінде жақынырақ тани білді. Креативті әкім алдымен Түркістан атауын халықаралық брендке айналдыруды қолға алды.

Экс-әкім өзінің ерекше тапсырмаларымен ел жадында қалды. Атап айтар болсақ, ол қала жұртшылығына велосипедпен жүруге кеңес берді. Ол үшін облыс орталығында «Turkistan bike» велобекеттері іске қосылды. Рашид Аюпов халықтың жағдайын жасауға барынша тырысып бақты. Мүгедектігі бар жандар үшін қаладағы ғимараттарда жағдайдың қаншалықты жасалғанын да жіті назарда ұстады. Тіпті өзі де мүгедектердің қоларбасына отырып, пандустардың жағдайын тексергені бар. Аюпов өзінің ерекше ойлау қабілетімен де есте қалды. Мәселен, ол атақты миллиардер, кәсіпкер, инженер, ғарыштық жобаларды жүзеге асырумен айналысатын Илон Маскке Түркістаннан зауыт салу туралы жазған ұсынысын көпшілік ұмытқан жоқ. 

РАШИД АЮПОВ, КЕНТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Мен өз елімнің патриоты ретінде осындай әлемдік компаниялардың Қазақстанда болғанын қалаймын. Өйткені, бұл жастардың кәсіби маман болуына мүмкіндік береді. Менің ойымша ғылым, жаңа технологиялар және экспорттық әлеует бұл өте маңызды дүниелер.

Аюпов Түркістанды ақылды, қауіпсіз әрі жасыл қалаға айналдыру жолында біраз істің басын қайырды десек болады.  Ол билік еткен тұста қаладағы құрылыс та жанданып, біраз жолдар жөңделіп, абаттандырылып, газдандырылды. Бір сөзбен айтқанда түркістандықтардың есінде Аюпов жағымды кейіпкер ретінде қалды.