Мемлекет басшысы жаңадан құрылған Ұлытау облысына іс-сапармен барды

404
17.06.2022 08:31

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сегіз күн бұрын ғана ресми құрылған Ұлытау облысына барды. Экологиялық ахуалдың нашарлауы, аймақ арқылы өтетін республикалық жолдардың тозуы,  инженерлік коммуникация жүйелерінің ескіруі және әлеуметтік сала өңірдің негізгі проблемалары. Одан бөлек ондағы тұрғын үйлердің 33 пайызы ескірген. Мемлекет басшысы, ең алдымен, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту қажет екенін ескертті.

Қарағандыдан еншісін алып шыққан жаңа облыста қордаланған мәселе көп. Мәселен, Республикалық дәрежедегі жолдардың тозуы өңір экономикасының дамуына кедергі келтіруде. Сондықтан  транзиттік көлік қатынасы да азайған.  

Үйтас – Айдос су құбырының құрылысы 2025 жылы аяқталады. Ал Жезқазғанға  Есқұла құбырымен су тарту келесі жылы басталмақ. Өңірде  тұрғын үйлердің 33 пайызы ескі. Қазір тұрғын үйлерді жаңарту бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Сонымен қатар қаланың жаңа ауданында көп қабатты 20 тұрғын үй салу көзделуде.

КБерік Әбдіғали Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлеуметтік саладағы  мәселелерді шешу үшін мемлекеттік университет, қосымша білім беру орталығын, сапалы мектептер, дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешендерін және филармония залын салу қажет-деді.Президент өңірді дамыту жөніндегі ұсыныстарды қолдайтынын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен облыс әкімдігіне жол мәселесіне, экологияға, білім саласын дамытуға күш салуды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- Қала барлық жағынан тартымды болуы керек. Жұмыс өте көп. Мен Жезқазғанның, облыстың ең көрікті өңір болатынына сенемін.

Жезқазған, Сәтбаев қалаларының инфрақұрылымын дамытуға «Қазақмыс холдингі» үлес қоспақ. Биылдың өзінде  25,4 миллиард теңге бөлген. Бұл былтырғыға қарағанда екі есе көп. Дегенмен, мемлекет басшысы алдағы ауқымды жұмыстар үшін бұл қаржының аз екенін айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:

- Мен мына мәселеге тоқталғым келеді. Облыс әкімінің өңірді дамыту туралы жоспарын тыңдадыңыздар. Әлеуметтік мәселелер шешімін табуға тиіс. «Қазақмыс» компаниясын осы іске белсенді түрде атсалысуға шақырамын. 25,4 миллиард теңге мұндай ауқымды жұмыстар үшін жеткіліксіз болуы мүмкін. Қаржыны ұлғайту мүмкіндігін қарастырған жөн. Әлеуметтік нысандардың құрылысына көмектесу қажет. Спорт ғимараттары керек. Жергілікті халық үлкен үміт артып отыр. Осы тұрғыдан алғанда қаладағы жағдайды жақсартуымыз керек. Әрине, мәдени нысандарға да ерекше көңіл бөлінуі қажет.

Ал компания басшылығы денсаулық сақтау, білім беру, спорт салаларына ерекше көңіл бөлінетінін мәлімдеді. Келесі жылы Жезқазғанда балаларға арналған спорт академиясы мен 200 балаға арналған интернат салу мәселесі де қаралған.