Елімізде Республикалық қан орталығының есебінде 18 мың өз еркімен қан тапсырушы тіркелген. Олардың сауапты ісі талай адамның жанын сақтап қалады дейді дәрігерлер. Айтулы күнде қан орталығының Түркістандық филиалы да қалыс қалмады. Арнайы науқан өткізіп, белсенді тұрғындар марапатталды.
Қала тұрғыны Мұрат Төленов 16 жыл бойы тұрақты түрде қан доноры болып келеді. Мүмкіндігінше, 14 маусым күні қан тапсыруды әдетке айналдырдым дейді. Ол өзгеге өмір сыйлаумен қатар, өзінің де денсаулығына жауапкершілікпен қарайтынын айтады.
Мұрат Төленов, донор:
- Негізгі мақатым - бірінші өзімнің денсаулығыма байланысты, қан тамырлары жүйесінің ауырлауына байланысты. Екінші мақсатым – біреудің өмірін құтқарып қалу.
Дүниежүзілік қан доноры күні орталықта адам қарасы да көп. Ашық есік күнінде келген еріктілерді орталық та ерекше қабылдап, оларға ынталандыру сыйлығын үлестірді. Тұрақты донор Мұрат Төленов те құр алақан қайтпады.
Донор болу – игі бастама ғана емес, медициналық тұрғыда қанның дұрыс айналуын реттеуге септігін тигізеді дейді дәрігерлер. Бір адамның тапсырған қаны екі адамның өмірін құтқарып қалуы мүмкін екен. Осыны қолдап Түркістанда жылына 4 мыңға жуық адам қан тапсырады. Яғни, бір жылда 2 тоннадай қан сараптамалық мекемелерге жөнелтіледі.
Талғат Бекназаров, Түркістан қалалық қан орталығының дәрігері:
- Бізге келушілердің көбі туыстық донор болып келеді.Олардың ауруханада жатқан жақындарына қан құйялады. Одан кейін өз еркімен тапсыратын донор бар. Тұрақты донорларымыз бар. Олар жылына 2-3 рнет тапсырып тұрады.
Елімізде 470-тен астам медициналық ұйым трансфузиялық көмек көрсетеді. Жыл сайын республикада 80 мыңнан астам науқас қан компоненттерін алады. Оларға 400 мыңға жуық құю жүргізіледі. Елімізде дайындалатын донорлық қан көлемі медициналық ұйымдардың қажеттілігін 100%-ға қамтамасыз етеді дейді Денсаулық сақтау министрлігінің жедел медициналық көмек басқармасының басшысы.
Батырхан Сарымсақов, ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің амбулаториялық-емханалық және жедел медициналық көмек басқармасының басшысы:
- Қан алу және құю процесі – өте ауыр жұмыс. Оған қан орталықтарында 300-ден астам дәрігер мен 700 медбике, еліміздің стационарларында 500-ден астам дәрігер тартылған. Техникалық деңгей бойынша қазақстандық қан орталықтары үздік шетелдік ұқсас орталықтардан кем түспейді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, үнемі қан тапсыратын адам 5 жылға ұзақ өмір сүреді. Қазір елімізде 2 мыңнан астам азамат донор болып саналады. Сонымен қатар, елімізде 100-ден аса адам «Құрметті донор» атанған. Ал мұндай атаққа ие болу үшін 40 рет қан тапсыру керек.
️