Терроризмге қатысты жалған ақпарат тарату бойынша 72 іс қозғалған

423
14.06.2022 10:04

Терроризм жайлы жалған ақпарат таратқандарға қатысты 72 қылмыстық іс қозғалған. Бұл туралы ІІМ Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті басқарма бастығының орынбасары Спартак Қабденов мәлімдеді. Оның айтуынша, жалған террористтердің 88 пайызы жұмыссыз жүргендер. Сондай-ақ, осы бойынша сотталғандардың басым көпшілігі мас күйінде ұсталған. Оған дәлел осы жылдың 5 айында істері сотқа жолданған 12 адамның 11-і алкоголь тұтынған.  

Спартак Қабденов, ІІМ экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті басқарма бастығының орынбасары:

- Биылғы 5 айда электрондық хабарламалар жолдау бойынша 35 қылмыстық іс қозғалды. Интернет арқылы жолданған жасырын жалған хабарлардың түсуі осы санаттағы қылмыстардың өсуіне әкелді. Өткен жылы терроризм актісі туралы 73 көпе-көрнеу жалған хабар тіркелсе, биылғы 5 айда ғана қылмыстық істердің саны 72-ге жетті.

Сондай-ақ, осыған дейін жарылғыш заттар туралы таратылған бірде-бір ақпарат расталмаған. Дегенмен мұндай хабарлама түссе, жедел қызметтер міндетті түрде оқиға орнына зерделеу жұмыстарын жүргізеді. Құзырлы орган өкілдері  тұрғындардың бұл іске бейжай қарамауын және ауыр жаза күтіп тұрғанын ескертеді 

Спартак Қабденов, ІІМ экстремизмге қарсы іс-қимыл департаменті басқарма бастығының орынбасары:

- Жарылғыш зат қойылғандығы туралы жалған ақпарат жолдау жай ғана бұзақылық емес, қылмыстық жауапкершілікке тартылатын әрекет екенін азаматтардың естеріне салғым келеді. Ал телефонмен хабарлайтын бұзақылар жалған хабарламаның салдары қаншалықты ауыр екенін ойламайды да. Мысалы, адамдар үрейленіп, даурыққанда бір-бірін итеріп, соның салдарынан балалары ата-аналарынан адасып қалуы мүмкін, олардың арасында жүкті әйелдер, мүгедек адамдар болатын кездер де болады.