Түркістан қаласының әкімі бір жылда қандай жұмыстар атқарды?

422
11.06.2022 08:53

Бүгін Нұрбол Тұрашбековтың облыстың жүрегі Түркістан қаласын басқарып отырғанына тура бір жыл толды. Бұған дейін өңірдің бірнеше ауданында әкім болған шенеунік рухани астананың дамуына қандай үлес қосты?  Елдің есінде қандай бастамаларымен қалды? Жалпы қала тұрғындары әкімін таниды ма ? 

Нұрбол Тұрашбеков. Бұл азаматтың есімін естігенде ең алғаш Түлкібас ауданында атқарған ауқымды істері есіңізге түсуі мүмкін. Ордабасының әкімі болып жүргенде де ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жасалғаны жасырын емес. Бірақ Түркістанға ауысып келген күннен бастап, бір жыл ішінде әкімдік төңірегіндегі дау-дамай көбеймесе азайған жоқ. Хош. Бұл тақырыпқа сосын оралармыз. Оған дейін Түркістандықтар Тұрашбековты қаншалықты танитынын білейік.

Жауап берген халықтың жартысынан көбі әкімді танымайтындарын айтады. Ал жиырма-отыз пайызы бұрынғы әкім Рашид Аюповтың Кентауға ауысқанын білмесе керек. Қалғандары қаланың әкімі Шөкеев деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Жалпы Нұрбол Әбдісаттарұлы Түркістанның тізгінін ұстаған сәттен бастап қалаға қандай өзгерістер енгеніне тоқталсақ. Дәл қазір қала  кәріз жүйесімен 30,5 пайызға қамтылған. Оның аумағын қамтамасыз ету мақсатында осы жылы 6 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. 2 нысан құрылысы жыл соңына дейін аяқталады дейді мамандар. Бірақ, «аяқталады», «жасалады» деген шенді-шекпенділердің әдемі сөздеріне Отырар мөлтекауданының тұрғындары сенуден қалған. Себебі, №4 көпқабатты тұрғын үйдің кәріз құбырлары 4 жылдан бері халықты әбігерге салып келеді екен. Мердігерлердің сапасыз жұмысының кесірінен, жарылған құбырлардан аққан жаман су жертөлеге толған. Ұзақ уақыт дымқыл тартып жатқандықтан болу керек, үйдің қабырғаларыда жарыла бастапты.

Сонымен қатар Түркістанда мемлекеттік ғимараттар жекеге өтіп жатыр деген ақпарат ел арасында желдей есіп кетті. Онымен қоса көктемгі жауын-шашын кезінде қала көшелерінде шағын көлдер пайда болғаны тағы бар. Жаңа тұрғын үйлердегі тұрғындар қысы бойы жылу берілмеді деп арнамыздан араша да сұрады. Халыққа қалтқысыз қызмет көрсету әкімдерге жүктелген міндет десек, Түркістан жұрты қала басшысына сенім артып отыр.