Түркістан облысы Ордабасы ауданында құрылыс қарқынды. Бір жылда тұрғындарға 27 мың шаршы метр үй пайдалануға берілді. Ал «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Төрткөл елді мекенінде спорт кешені салынды. Жастар осы жерге келіп спортпен айналысуда. Бұл туралы бүгін Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің Ордабасы ауданының сапары барысында айтты. Аймақ басшысы ашық аспан астында тұрғындармен, шаруалармен кездесіп, көкейде жүрген сауалдарына жауап берді.
Іс-сапары алдымен Темірландағы қарқынды баудан басталды. Өңір басшысы кәсіпкердің атқарып жатқан жұмысымен танысты. Шаруа 60 гектарға алма, шабдалы, өрік бауын өсіріп отыр. Өнімді еселеп алу үшін тамшылатып суғару технологиясын пайдаланған.
Былтыр Ордабасыда 27,7 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Биыл «Бір алқаптан 2-3 өнім алу» жобасы бойынша 363,7 гектар жерде 109 жоба іске асып жатыр. Дихандар алғашқы өнімдерін жинап алды. Облыс әкімі бір топ шаруамен, кәсіпкерлермен кездесті. Онда Өмірзақ Шөкеев жиылғандарға ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды енгізу керектігін айтты. Ол үшін бүгінгі кәсіпкердің жұмысын үлгі етті.
Шаруаларды несиелендіру, аудандағы заманауи жеміс-жидек қоймасына тиісті қолдау көрсету және каналдарды жөндеу бағытындағы сұрақтарға жауап берді. Жауапты тұлғаларға шаруаларға несиені жылдам әрі уақытылы беруді тапсырды. Шұбарсуда биыл 3 жекеменшік мектеп пайдалануға беріледі. Сондай-ақ осы ауылды газбен қамту, инфрақұрылымын дамыту жалғасады. Биылғы жаңа оқу жылына облыстық бюджеттен Ордабасы ауданына 15 жаңа автобус беру жоспарлануда. Бұл жөнінде орталық алаңда тұрғындармен өткен кездесуде сөз болды.
Одан бөлек, ауданда 11 елді мекенде 36 көшеге асфальт төселді. 2 мектеп пайдалануға берілді. Тағы 3 мектептің құрылысы жүруде. 6 елді мекен тұрғындары ауыз суға қол жеткізбек.Одан кейін өңір басшысы мәселесін айта келген ағайынды жеке қабылдау өткізді. Тиісті бөлім басшыларына тапсырма берді.
️