Кентауда тұрғын үйлерге газ қосу жұмыстары қарқын алды. Еске салсақ, сәуір айында шаһарға алғаш рет көгілдір газ жеткізілген болатын. Енді міне қала тұрғындары жаппай үйлеріне газ кіргізіп, от жағып, күл шығарудан арыламыз деп қуануда. Айта кетерлігі, кеншілер шаһарында барлығы 18200 абонент бар. Оларға газ беру жұмыстары күзге дейін жалғаспақ.
Көгілдір отынды ұзақ күткен кентаулықтардың қуанышында шек жоқ. Үйіне алғашқылардың бірі болып газ өткізген Бабыр Деметов те қаладағы оң өзгерістерге дән риза. Айтуынша қаланы табиғи газбен қамту экологияға да оң әсерін тигізбек.
Бабыр Деметов, қала тұрғыны:
- Алғысым шексіз. Қуанышымыз қойнымызға сыймай тұр. Қаладағы басқа да жер үй болсын көпқабатты тұрғын үйлер болсын тезірек газбен қамтылсын деп тілеймін.
Жауапты мердігер компания мамандары көгілдір отынды есептегіш құрылғысымен бірге әр абоненттің үйінің алдына дейін тартып беруде. Тұрғындардың міндеті - үй алдына келген газды ішке кіргізіп алу. Бұл жұмыстың құны шамамен 100 мың теңге.
Жандос Сабыров, газ өткізу жұмыстарына жауапты мердігер компания басшысы:
- Кентау қаласында Яссауи, Шәкірім, Рысқұлов көшелерінің бойында 7 үй көгілдір отынға қосылды. Олар толықтай құжаттандырылып, заңды түрде газбен қамтылды. Лицевой счет ашылды. Халық уже пайдаланып жатыр газды. Тағы да 40 үйдің техникалық условие ашылды. Енді оларды да газға қосуға дайындап жатырмыз. Айдың аяғына таман 100-ге таман үйге газ өткіземіз деп отырмыз.
70 мың тұрғыны бар қалада, алдымен 11 мың тұтынушы көгілдір отынның шарапатын көрмек. Қазір барлық тұрғындарды табиғи газбен қамту үшін құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Сала мамандарының айтуынша күзге дейін 18 200 абоненттің барлығына газ жеткізілмек. Сондай-ақ, алдағы 2 жылда Кентау қаласына қарасты 4 ауылға көгілдір отын тартылады деп күтілуде.
️