Жалған нөмірмен жүргендер жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін

464
08.06.2022 10:44

Қазақстанда көлікке жалған мемлекеттік нөмір таққандар жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін, - деп хабарлайды TurkistanZaman ақпарат агенттігі Tengrinews.kz сілтеме жасап. 

Ұсынылған норма Парламент Мәжілісі екінші оқылымда мақұлдаған "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне байланыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына енгізілген.

Мәжіліс депутаты Нәзила Раззақтың айтуынша, жүргізуші куәлігінен айырылып қана қоймай, бес тәулікке қамауға алынуы мүмкін.

"Ұсынылып отырған тағы бір маңызды түзету - көлікті мемлекеттік нөмірсіз қайталап немесе бірнеше рет жүргізгені үшін, сондай-ақ көлік құралына жалған мемлекеттік нөмір орнатқаны үшін жауапкершілікті күшейту. Мысалы, бұрын айыппұл ғана салынса, енді жүргізушіні бір жыл бес тәулікке куәлігінен айыруы мүмкін", - деді Раззақ Мәжіліс отырысында.

Сонымен қатар, депутаттың айтуынша, мемлекеттік қызметкерлердің заңды талаптарына бағынбауға байланысты құқық бұзу деректеріне әкімшілік жауапкершілікті күшейту көзделген.