Мемлекеттік қолдау шаралары бойынша 500 мың адам жұмыспен қамтылады

323
08.06.2022 05:28

Жыл сайын 300 мыңнан астам жас еңбек нарығына қосылады. Сондықтан екі қолға бір күрек таппай жүргендерді жұмыспен қамту басты міндет. Мәселені шешу үшін өңірлерде барлығы 3 мыңнан астам жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Ал жыл соңына дейін мемлекеттік қолдау аясында 500 мың адамды жұмыс орындарымен қамту көзделген. Ал бос орындарға азаматтардың өздері Электронды еңбек биржасы арқылы жұмысқа орналаса алады.

Аяжан Қалдыбек өткен жылы "Серпін" бағдарламасы бойынша Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетін тәмамдаған. Педагогика және психологияның қыр-сырын меңгерген жас маман қазір "Жастар практикасы" бағдарламасы арқылы Түркістан облысының жастар ресурстық орталығында қызмет етуде. Айтуынша бұл жобаның жастарға берер  мүмкіндіктері көп.

453 мыңнан астам қазақстандық ресми түрде жұмыссыз болып тіркелген. Бұл өткен айдағы ұлттық статистика бюросының есебі. Сондықтан үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша биыл жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары айтарлықтай күшейтілгенін атап өтті. Оның ішінде жастарды жұмысқа орналастыру мәселесі де ерекше назарға алынған.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі: 

- Жастар практикасына, «алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысушылардың жалақысы артып, қатысу мерзімі ұзартылды. Жастар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдарға өз ісін ашу үшін берілетін грант мөлшері екі есе – 400 айлық есептік көрсеткішке дейін артты. 

 Үкімет басшысы биыл Ұлттық жобаларды іске асыру аясында шамамен 270 мыңдай тұрақты жұмыс орны құрылуы тиіс екенін жеткізді. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мемлекеттік қолдау шаралары арқылы биыл 500 мың адам жұмыспен қамтылатынын айтты. 

Тамара Дүйсенова, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі 

- Мақсатты топтарға тиімді және тұрақты жұмыс орнын ашатын мекемелерге мемлекеттік субсидия бөлу көзделген. Биыл осындай 100 мың жұмыс орны жоспарланып, оған бюджеттен 77 миллиард теңге қаражат бөлінді. Жергілікті атқарушы органдардың дерегінше, бүгінге дейін 84,4 мың азамат осындай жұмысқа тартылды. 

Тамара Дүйсенованың сөзінше  халықтың әлеуметтік осал топтары мен жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау да биыл жақсы жолға қойылмақ. Олар үшін арнайы 20 мың грантты қаржыландыруға бюджеттен 25,8 миллиард теңге көзделген. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі осы күнге дейін 1400-ден аса азамат грант иегері атанып үлгергенін жеткізді.