Түркістан облысындағы «Тұран» футбол академиясының спортшылары Грекияда өткен халықаралық жарыста 6-шы орынды иеленді. Әлемнің үздік клубтарына қарсы ойнаған саңлақтардың жастары небәрі 10 және 12 жаста. Ал ата-аналары болса балаларының байрақты бәсекелерде бақтарын сынап қайтқанына дән риза.
Сонау Еуропаға барып, әлемнің әр елінен келген құрамалармен сайысқа түсу бақыты кез-келген балаға бұйыра бермейтін бақ дейді ата-аналар. Ең бастысы аяқдопшы балалармыз үмітімізді ақтады. Енді алдағы уақытта бұданда үлкен жетістіктерді күтетінімізді жасырмаймыз дейді жиналғандар.
Амалбек Әлімбеков, қала тұрғыны:
- Немерем грекияға жарысқа барып 24 елдің ішінен 6-шы орын алды. Бапкерлеріне ризамыз. Баламызды осындасй жетістікке жеткізіп жатқан.
Самал Абдушахманқызы, қала тұрғыны:
- Өте қуаныштымыз. Баламыздың осындай жетістікке жетіп жатқанына. Халқаралық азия, еуропа жарыстарына қатысып жатыр. Өте қуаныштымыз.
Грекия астанасы Афина қаласында өткен жарыста спортшылар екі топта бақтарын сынаған. Мәселен 10 жастағы аяқдопшылар қатысқан байрақты бәсекеде 16 команда қатысып 6-шы орынды қанжығасына байласа. Екінші топтағы яғни 12 жастан құралған саңлақтар 24 команданың ішінен 6-шы орынды иеленген. Айта кету керек, бұған дейін Elite Neon Cup турнирінде «Ювентус», «Манчестер Сити», «Ливерпуль», «Боруссия Дортмунд», «Аполэл» секілді әлемге танымал клубтардың академиялары бақ сынаған.
Әділбек Қалдыбек, спортшы:
- Футбол маған өте қатты ұнайды. Мен басында шабуылшы болдым. Одан кейін, жүре келе қақпашы болдым. Маған басқа елге барған өте қатты ұнады. Біз жарысқа өте жақсы дайындалдық. 24 елдің ішінен 6-шы орын алдық. Мен болашақта атақты футболшы болғым келеді.
Жас аяқдопшылар футболға 5 жасынан бастап қатысып келе жатқан көрінеді. Олардың алға қойған мақсаттары көп. Еуропа еліндегі бұл халықаралық жарыс жас саңлақтарды одан әрі жігерлендіре түсіпті. Жалпы қазір Тұран академиясында 300-ге жуық бала жаттығып жүр. Мамандардың айтуынша, оқу ақысы жоқ, барлығы тегін. Егер баланың футболға қызығушылығы болса, академия есігі әрдайым ашық дейді олар. Бір ғана талап бар – жас жеткіншектің денсаулығы жақсы болуы керек.
️