Биыл «Turkistan» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы облыс тұрғындарына 10 млрд теңге көлемінде несие алуға көмектескен. Халықтың құқығын қорғау үшін құрылған мекеме бүгін "Кәсіпкер жолы" айдарымен ашық есік күнін өткізді. Шарада өңір тұрғындары қордаланған мәселелерінің шешімін тауып, құқықтық кеңес алды.
Ринат – жеке кәсіпкер. Ауыл шаруашылық саласында өз кәсібін дөңгелетіп отырған азамат 2-жылдан бері жеңілдетілген несие ала алмай жүр. Әр есікті бір қағып әбден шаршаған шаруа Түркістан кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына жүгінген. 2 жылдық мәселесі екі-ақ күнде шешімін тауыпты.
Ринат Сармурзаев, жеке кәсіпкер:
- Бұл жақтағылар барынша көмектесіп жатыр. Рақметімді айтам. Бұған дейін қанша жерге барып, қаншама есікті қақтым. Осы орталық арқылы қағазбастылықтан арылдым.
Орталық қызметкерлерінің айтуынша мұнда тек кәсіпкерлер ғана емес қарапайым тұрғындарда заңды көмек ала алады. 2019 жылдан бері халыққа қызмет көрсетіп отырған мекеменің Түркістан облысына қарасты 17 ауданда бөлімшелері бар. Орталық былтыр мемлекеттік бағдарлама аясында 897 жобаның құжаттамасын әзірлеуге атсалысқан. Нәтижесінде жобалар тиісті мекемелерден 6,4 млрд. теңгеге қаржы алыпты. Сондай-ақ, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша 19 жобаның 3,3 млрд теңге қаржы алуына үлес қосқан.
Сапарәлі Құрбанов, «Тurkistan» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы КММ директоры:
- Құрылыс, коммуналдық, кадастрлық құжаттарды рәсімдеуге көмектесу біздің басты мақсат. Сондай-ақ мемлекет бекітіп берген бағдарламаларды халыққа кеңінен түсіндіру.
Дәл қазір орталықта 62 қызметкер халыққа үздіксіз қызмет етуде. Алдағы уақытта маман санын көбейтіп, жұмысты жетілдіру көзделуде дейді мекеме басшысы.
️