«Балаларды қорғау күні» аясында түркістандық бүлдіршіндер таза ауада медициналық тексеруден өтті. Мұндай мүмкіндікті Түркістан қалалық емханасы ұсынды. Олар Жеңіс саябағында Дәрігерлер қалашығын құрып, демалып жүрген жұртшылықтың денсаулығын тексеріп қана қоймай, балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Мерекеге орай балақайларға арнайы мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Бүлдіршіндер түрлі ертегі кейіпкерлерімен суретке түсіп, керемет көңіл-күйге бөленді. Сондай-ақ, өнерлі өрендер ән айтып, би билеп түрлі сыйлықтарға ие болды.
«Балалар – мемлекетіміздің жарқын болашағының кепілі» деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жариялаған еді. Осы орайда республика көлемінде балаларды қорғауға, сапалы біліммен қамтуға, мүмкіндігі шектеулі балалардың денсаулығын нығайтуға, инфрақұрылымды дамытуға арналған ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Халықаралық балалар күні әлемнің түкпір-түкпіріндегі балаларға қуаныш сыйлайтын мейрам ғана емес, кішкентай балалардың құқығын қорғап, оларға қамқор болуға, әлімжеттік, қысым жасамауға үндейтін күн.
️