Конституцияға өзгерістердің енгізілуі Жаңа Қазақстанның тарихындағы елеулі оқиға. Бұл - әділетті Қазақстанды құрудың алғы шарты. Сондай-ақ халыққа тең мүмкіндік жасаудың жолы. Осылай деген Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев бүгін Түркістанға іссапармен келіп, зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Жиында алдағы саяси науқанның маңыздылығы жан-жақты сараланып, енгізілетін өзгерістердің халыққа не беретіні сөз болды.
Сенат төрағасы киелі шаһардағы іссапарын аймақтың зиялы қауым өкілдері, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, сондай-ақ өнер және мәдениет майталмандарымен кездесуден бастады. Алқалы жиында Мәулен Әшімбаев алда келе жатқан саяси науқанның маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, конституцияға енгізілетін өзгерістер мемлекеттіліктің жаңа моделін қалыптастыруды көздейді. Бұл – мемлекет пен қоғамның байланысын бұрынғыдан да жақындата түсетін үлкен мүмкіндік.
️