21 мамырда шағын футболдан БАҚ өкілдері арасында қазақ телевизиясының майталманы, комментатор Амангелді Сейітханды еске алуға арналған республикалық турнир Алматы қаласында өтеді. Аталмыш додаға, еліміздің 8 өңірінен барлығы 16 команда қатысады. Түркістан облысының намысын қорғап Тұран-Түркістан және арнамыздың атынан «Turkistan телеарнасы» бақ сынайтын болады.
Еңбек жолын 1991жылы «Спорт» газетінде бастап, қазақ журналистикасының спорт саласын бір кісідей меңгерген ардагерге айналған Амангелді Сейітхан, 1994 жылы «Қазақстан» телерадиокорпорациясында «Тұғыр» атты бағдарлама ашып, жүргізушісі болған. Кейін «Құмсағат» бағдарламасының спорттық ақпараттар бойынша продюсері атанды. 1997 жылдан «Хабар» Агенттігінде қызмет атқарды.
Амангелді Сейітхан атындағы алғашқы турнир отбасының ұйымдастыруымен өтеді. Турнир аясында Амангелді Сейітханның құрметіне шығарылған «Жеңісті күндерде жолыққанша» кітабының тұсауы кесіледі.
Айта кетерлігі, жарысқа Aikyn-Liter (Астана қаласы), Dream-team Сейітхан (Алматы қаласы), Effective media Liaison (Алматы қаласы), Абай-ақпарат (Абай облысы), Айтыскерлер құрамасы (Қазақстан Республикасы), Ақмешіт (Қызылорда облысы), Атырау құрамасы (Атырау облысы), КТК (Алматы қаласы), Қазақстан ТВ-Қазақ радиосы (Алматы қаласы), Қарекет (Жетісу облысы), Спорт журналистері (Қазақстан Республикасы), Тұран-Түркістан (Түркістан облысы), «Turkistan телеарнасы» (Түркістан облысы), Шымкент (Шымкент қаласы), Хабар (Астана қаласы), Экспресс-К (Астана қаласы) командалары қатысады.
️