Арыс қаласына облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов бастаған ардагерлер қауымы барды. Ең алдымен қонақтар бұрын тойхана болып, кейін «Тең қоғам» әлеуметтік орталығы ретінде өткен жылы ашылған нысанды аралып көрді. Мұнда мүгедек азаматтар мен балаларға тегін көрсетіліп жатқан қамқорлық, оның ішінде қала әкімдігінің қолдауымен өткізіліп жатқан түрлі мәдени шаралар және басқа да игі істер жайында әңгімеленді. Айта кетейік, бүгінде Арыс қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде 2400-ге жуық мүгедек тіркелген болса, оның 2300-ден астамы «Тең қоғам» әлеуметтік орталығының қызметін тұрақты түрде пайдаланып келеді. Яғни, аталған орталық мамандары күніне орта есеппен 25-30 адамды қабылдайды. Шамамен мекеме ұжымы осы күнге дейін 6 мыңға жуық азаматқа тегін қызмет ұсынған.
️