Қостанайда өрттен зардап шеккендерге көмек көрсетілуде

227
12.05.2022 04:13

Қостанайда өрттен зардап шеккен отбасыларға алғашқы көмек ретінде 200 мың теңгеден берілді. Еске салсақ, Тобыл өзенінің бойындағы қамыстан шыққан өрт қатты желдің салдарынан жақын маңдағы үй-жайларға жеткен еді. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, өрт салдарынан 11 үй, 6 шаруашылық қора-жай және 4 көлік толығымен жанып кеткен. Абырой болғанда, адамдар дін аман. Үйсіз қалған бес тұрғын уақытша қала маңындағы емдеу-сауықтыру орталығына орналастырылды. Зардап шеккендерге еріктілер азық-түлік пен киім-кешек таратуда. Сонымен қатар, жұмыспен қамту бөлімі тарапынан зардап шеккен 13 отбасыға біржолғы төлем ретінде 214 мың теңгеден жәрдем берілмек.