Облыс әкімі Сарыағаш ауданының тұрғындарымен кездесті

299
06.05.2022 05:07

«Түркістан облысында ірі зауыттар салынып, үлкен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бірақ жұмыссыздықпен күресудегі ең тиімді жол – шағын және орта кәсіпкерлік». Бұл  Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің Сарыағаш ауданы тұрғындарымен есептік кездесуінде айтқан сөзі. Айтуынша бизнеспен айналысамын деген жанға аймақта барлық жағдай қарастырылған. Сондай-ақ, жиында ауыл билері, тұрғындар облыс әкіміне инфрақұрылым, жайылым жер, ағын су, мектеп салу және өзге де өзекті мәселелерге қатысты сұрақтарын қойды. Кездесуде Қапланбек ауылының тұрғыны су мәселесін көтерсе, Ақжар елді мекенінің биі 4 көшеге асфальт төселсе деген өтінішін айтты. Көктерек кентінің тұрғыны электрмен қамтуды талап етті. Өңір басшысы бұл үш мәселе де шешілетінін мәлімдеді. Ол үшін Өгем жақтан су электр станциясын салу жоспарланғанын, сол су көзі Сарыағаш, Келес және оңтүстіктегі өзге аудандарға бағытталатынын мәлімдеді. Сондай-ақ, Сарыағаштағы көпқабатты үйлерді кәріз жүйесімен қамту мәселесі де бақылауға алынып, шешілмек.