Шымкентте арзан пәтер алуға өтініш бергендер тізімінде әкімдер мен туыстары жүр. Арнайы сайтта жарияланған тізім лезде әлеуметтік желіге тарап, қоғамның ашу ызасын туғызған. Даулы оқиғадан кейін қала әкімінің орынбасары арнайы баспасөз мәслихатын өткізуіне тура келген. Нарық бағасынан әлдеқайда төмен бағада ұсынылған пәтерлерге өтінішті Отбасы банк емес, қалалық тұрғын үй басқармасы арқылы қабылданған екен. Былық осы жерден басталған дейді тұрғындар. Бірнеше күннен бері әкімдіктің табалдырығын тоздырған. Олар онлайн өтінішті небәрі 11 секундта тапсырған шенеуніктерді анықтаған. Жұрттың сөзінше, мұндай уақыт аралығында өтініш беріп үлгеру мүмкін емес. Белгілі болғандай, шаршы метрі небәрі 180 мың теңге тұратын 900 пәтерді алуға 12 мыңға жуық өтініш қабылданған. Өтінішті санаулы секундта тапсырғандардың ішінде қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Әбдірахманов пен Абай ауданының әкімі Бұқарбай Парманов бар. Сондай-ақ оның ұлы мен конкурсты өткізіп отырған тұрғын үй басқармасы басшысының әйеліде бар көрінеді. Осы шудан кейін брифинг өткізген қала әкімінің орынбасары тұрғын үй басқармасы басшысы Ғалымжан Өтенбаев қызметтен уақытша шеттетілгенін жеткізді. Айта кетейік, бүгінде аты аталған екі әкім тізімнен өзі өтініштерімен шығып кеткен. Ендігі кезеңде арнайы комиссия барлық өтінімдерді зерделеп, құжаттарды тексеретін болады. Оның құрамында БАҚ өкілдері, қоғамдық кеңес мүшелері бар. Сыбайлас жемқорлыққа жол берілмес үшін олардың аты-жөні жарияланбайды.
️