Түркістан облысында тауға шығып, жоғалған туристердің екеуі әлі табылған жоқ. Оларды іздеуге бүгін Өзбекстанның төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты құрылымдар да жұмылдырылды. Себебі саяхатшылар байқамай, көрші елдің аумағына өтіп кетуі мүмкін деген болжам бар. Бүгінге дейін құтқарушылар, полиция мен еріктілер жасағы 350 шақырымнан астам жерді жаяу аралап шықты. Алайда әзірге одан нәтиже болмай тұр. Естеріңізге салсам, 21 мамыр күні «Сайрам-Өгем» ұлттық паркінің аумағына саяхаттаймыз деп шыққан 7 студент жоғалып кеткен еді. Құтқарушылар 28 мамырда үш жігітті тапты. Арада бір күн өткен соң екі жігіттің өлі денесі Өгем өзені аумағынан табылды. Олардың өліміне нақты не себеп болғаны әзірге белгісіз. Түркістан облыстық полиция департаменті сотқа дейінгі тергеуді бастады.
️