Сауран ауданында ұлттық спорт ұлықталды. Дәстүрлі дода ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне арналып ұйымдастырылған. Спорттың аударыспақ, бәйге, көкпар түрлерінен өткен сайысқа 100-ге жуық шабандоз қатысты. Бәйгеде 15 шақты жүйрік тұлпарды тізгіндеген өрен бағы мен бабын қатар сынаса, аударыспақта 8 палуан ат үстінде бір бірінің білек күшін байқап көрді. Жеңімпаздарға 50 мың теңгеден сыйақы үлестірілді. Артынша жиын көкпарға ұласып, шараның шырайын аша түсті. Әр салымға ірі қара тігілген. Қазақ халқының ең қастерлі мерекесінде бабалардан келе жатқан спорт түрлерінің насихатталуы ұлттық рухты көтеруге сеп болады дейді ұйымдастырушылар.
️