Еліміздің дәріханаларында жарамдылық мерзімі өтіп кеткен 7 жарым мың дәрі сатылған. Мұндай жаппай заң бұзушылықты жаңа цифрлық таңбалау жүйесі әшкереледі. Қазір нарықтағы 1 миллиард 200 миллионға жуық препарат арнайы код арқылы қатаң бақылауда. Жүйенің арқасында қай өңірде қандай дәрі тапшы, қай жерде артық екені анық көрінеді. Күн сайын 1 миллионға жуық қаптама сатылса, оның бағасы да тікелей назарда. Соның арқасында дәрілік препараттардың бағасы да тұрақталды. Мәселен, көп тұтынылатын ибупрофен былтыр 1460 теңге болса, биылғы қазанда 941 теңгеге дейін арзандаған. Жаңа платформа баға мен қорды реттеп қана қоймай, кейбір сатушылардың жасырын схемаларын да көрсетіп береді.
ӘСЕТ НҮСІПОВ - ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ ВИЦЕ-МИНИСТРІ
Коммерциялық сатылымда «Тегін» деген мөрі бар 27 мың қаптама анықталды. Чектер бойынша олар ақылы түрде сатылған. Бұдан бөлек, таңбалау коды бұрыннан басылған қаптамалардың 470 мыңнан астам рет қайта сатылғаны байқалды. Жалпы, жүйенің осындай функционалдық мүмкіндіктері бізге нарықты тиімді басқаруға жол ашады.