Түркістан
EN

Шымкенттегі жарылыстың шығын көлемі есептеліп жатыр

122
24.05.2022

Шымкенттегі перзентхана жанындағы дәріханада болған жарылыстан зардап шеккен екі адам әлі жансақтау бөлімінде жатыр. Олар медициналық мекеменің санитарлық қызметкері. Сондай-ақ апаттан тағы 5 адам жарақат алған. Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері «Науқастардың өміріне қауіп жоқ» - дейді. Ал арнайы құрылған комиссия жарылыс шығынын есептеп жатыр. Күндізгі сағат 11:36 кезіндегі жойқын жарылыс Шымкент қаласындағы перинатальдық орталықты дүр сілкіндірген еді. Жарылыс ошағы –перзентхананың дәл іргесінде дәріхана ғимараты. Оқыс оқиға кезінде медициналық мекемеде 65 қызметкер мен екі жүзге тарта науқас болды. Құтқарушылардан бұрын олардың туыстары сол маңға бірінші жеткен. Жарылыстан медициналық мекеменің күзетшісі мен жұмысшысы және жаңа туған нәресте қайтыс болды. Көз жұмған сәби осыдан 18 күн бұрын дүние есігін ашқан үшемнің бірі екен. Мамандардың болжамы бойынша ғимарат ішіне газдың жиналып қалуы төтенше жағдайға себеп болуы мүмкін. Облыстың бас дәрігері зардап шеккендерге қажетті материалдық көмек көрсетілетінін жеткізді. Қайтыс болған азаматтардың отбасына қаржылай қолдау болады және несие қарыздарын өтеу мәселесі де қарастырылады деді жауаптылар. Ал жарақат алған 7 адам түрлі дене жарақатымен ауруханада жатыр. Олардың ішінде ғимаратқа интернет желісін жүргізуге барған мамандар да бар. Облыстық №1 перинаталды орталық уақытша жұмысын тоқтатты. Қазір барлық материалдық шығын көлемі есептеліп жатыр. Ал болған оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады. Заң бойынша оған кінәлілер 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерге қатысты прокуратура тергеу жүргізуде. Ол кәсіпкерлік қызметіне байланысты лицензиясынан айырылуы мүмкін.