Арыс тұрғындары әлі де үреймен өмір сүріп келеді. 2019 жылғы оқиғадан кейін жергілікті халық арасында алаңдаушылық әлі де бар. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровпен өткен кездесуде жұрт өздерін толғандырған қауіпсіздік мәселесін ашық қозғады. Жұрт тамыз айының соңында әскери бөлім аумағында болған өрт пен естілген дүмпу дыбысы елді қайтадан сақтыққа шақырғанын айтады. Жиында сөз алған жергілікті тұрғындар кез келген тосын жағдайға дайын болып, ең қажетті құжаттарын әлі де дайындап қоюға мәжбүр екендіктерін жеткізді.