Түркістан
EN

Сенаттағы парламенттік тыңдауда жастар мәселесі айтылды

203
21.05.2022

Жоғары білімді жастардың көбі жұмыссыз сенделіп жүр. Статистика бойынша былтыр оқу бітірген 168 мыңнан астам адамның 110 мыңы ғана жұмысқа орналасқан. Одан бөлек, баспана мәселесі тағы бар.  Өйткені жастарды тұрғын үймен қамтитын бағдарламалар барлық өңірде жоқ. Бұл Сенаттағы парламенттік тыңдауда айтылған мәселелердің бір парасы ғана. Елімізде «Жастар тәжірибесі», «Дипломмен ауылға» секілді жобалар жетерлік. Бірақ оның игілігін кім көріп отыр? Мысалы жоғарғы оқу орындары түлектерінің 31 пайызы, колледж түлектерінің 33 пайызы жұмыс таппай сандалып жүр. Құмар ойынның құрбанына айналып жатқандар көп. 350 мыңға жуық жас геймерлер тізімінде екен. Онлайн ойындарға бәс тігу үшін олардың көбі  шағын несиелік ұйымдарға қарызға кіріп кеткен. Ата-анасын, туыстарын зарлатып, соңында  өзіне қол жұмсайтындар да жоқ емес. Сондықтан шағын несие беру жасын 18-ден 21 жасқа дейін көтеруді ұсынылды. Баспаналы болу – көп жастың «бас ауруы». Сенаторлардың сөзінше, қымбатшылық қысқан заманда қанша тыраштанып еңбектенсең де, тапқан-таянғаның бірден үй сатып алуға жетпейді. Мемлекеттік бағдарламаның пайыздық мөлшерлемесі өте жоғары. Қазір жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасы үш өңірде ғана бар. Яғни, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкентте іске асырылып келеді. Енді жыл аяғына дейін бұл бағдарлама басқа өңірлерде де бұл жүзеге асырылатын болды. Ал Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қасіретті қаңтар оқиғасы жастардың проблемасы өзекті екенін көрсетті дейді. Жиында депутаттар  түрлі ұйым өкілдері мен ғалымдар пікір білдіріп,  жастарды толғандырған проблемаларды сөз етті. Енді оның барлығы ескеріліп, тиімді шешім қабылданатын болады.