Түркістан облысы Сауран ауданының дихандары тегін суды сатып келген кәсіпкерге қарсы шықты. Айтуларынша, Бекботаев есімді азамат 300 гектар жерді әкімдікке өзімнің жерім деп көрсеткен. Алайда, онда халықтың да үлесі бар. Сөйтіп, қарапайым шаруадан 15 жылдан бері ақша жинап келген. Ең сорақысы, алған қаражатты тиісті орынға өткізбеген. Шекербұлақта 35 шаруа 280 гектар жерді игеріп отыр. Ауыл тұрғыны 15 жылдан бері ағын су үшін тұрғындардан ақша алып, оны тиісті жерге өткізбепті. Ол аздай кім көп берсе, соған кезексіз әрі мөлшерден көп су беріп келген. Қарапайым жұрт кезегін күтіп жүргенде, егіні қурап талай күйген. Халық бас көтерген соң бұл іске жергілікті билік пен құқық қорғау органдары араласқан. Сөйтіп, әлгі егістікке баратын суды мемлекеттік «Тұран Су» мекемесіне өткізбек. Екі жақ бір ымыраға келер емес. Дегенмен бастамашы топ су бөлуші азаматты халық өзі сайласын деп отыр.