Тоқтаусыз жауған жауын салдарынан Қазығұрт ауданының бірнеше ауылын су басты. Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, Ақбастау ауылында жауын-шашын салдарынан көшелерге және тұрғын үйлердің жертөлелеріне су жиналған. Сондай-ақ, таулы аймақта жауын суы төмен қарай лықси ағып, Қосағаш, Қызылсеңгір және Тұрбат ауылдарына жеткен. Көлкіген су жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілеріне қолайсыздық туғызған. Тасқынға тосқауыл қою үшін төтенше жағдайлар департаментінің 9 арнайы техникасы мен 64 адам жұмылдырылды. 200 текше метр су сорылды. Тұрғын үйлерге ешқандай қауіп төнбеген.