Бакуде «Көгілдір күмбез құпиясы» деп аталатын халықаралық көрме ашылды. Ауқымды экспозицияны Қазақстанның «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы ұйымдастырған. Жоба екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтып, түркі дүниесінің ортақ тарихи мұрасын дәріптеуді көздейді. Көрмеде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қайталанбас сәулеттік ерекшеліктері мен тарихи экспонаттар қойылған. Сондай-ақ арнайы бөлім ұлы ойшылдың рухани мұрасы мен оның жолын қуған ізбасарларының еңбектеріне арналып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл халықаралық бастама түркі өркениетінің терең тарихы мен рухани қазынасын әлемдік деңгейде кеңінен танытуға зор мүмкіндік береді.