Түркістан облысында өзге азаматты қорқытып, 5 миллион теңге бопсалаған күдікті қолға түсті. Сарыағаш ауданының 38 жастағы тұрғыны Шымкент қаласы азаматының ар-намысына нұқсан келтіретін мәліметтерді таратамын деп қорқытып, ақша талап еткен. Облыстық полиция департаменті қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктіден телефон мен 5 миллион теңге көлеміндегі ақшаны тәркіледі. Кейіннен ер адамның бұған дейін ұрлық пен есірткі заттарын сақтау деректері бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Қазіргі уақытта күдікті қамауда. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.