Түркістанда күн энергиясынан қуат алатын мектеп ашылды. Салтанатты шараға әлемге әйгілі «Eni» компаниясы мен Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдері келді. Игі бастамаға Түркістан облысының әкімдігі мұрындық болып отыр. Енді жаңартылатын энергия көздері технологиясын енгізу мектептің шығындарын азайтып, экологияны сақтауға мүмкіндік бермек. Бірлескен жоба аясында мектеп аймақтың жоғары күн әлеуетін пайдаға асыратын қуаты 50 кВт фотоэлектрлік күн станциясымен жабдықталды. Нысанның ашылу салтанатына шетелдік компания өкілдері мен аймақ басшысы қатысты. Күні ыстық болатын оңтүстік өңірінде қуат өндіру қиынға түспейді. Сондықтан бұл жоба 1900 оқушы білім алатын мектеп қажеттіліктерін, атап айтқанда жылыту, жарықтандыру, су жылыту мәселесін қамтамасыз етпек. Сонымен бірге «Eni» мен БҰҰДБ осы жобаны үлгі ретінде ала отырып, елде қуат үнемдеу бойынша ұқсас бастамаларды бірлесіп іске асыруды көздейді. Мәселен 2021 жылғы наурыз айында компания Түркістан облысы Шәуілдір ауылының қасында қуаты 50 МВт күн электр станциясының құрылысын бастады.