5 маусымда өткелі отырған республикалық референдумды түсіндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Осыған орай бүгін Түркістан қаласында бірнеше кездесулер өтті. Оған «Егемен Қазақстан» АҚ Басқарама төрағасы Дархан Қыдырәлі, облыстық штаб төрағасы Бейсен Тәжібаев және облыстық мәслихат депутаты, штаб мүшесі Бекарыс Шойбеков, сондай-ақ, БАҚ өкілдері қатысты. Ата Заңның жаңаруына орай тұрғындармен пікір алмасып, оларды толғандырған мәселелерге жауап беріп, ұсыныстарын тыңдады. Айта кетерлігі, Түркістан жұртшылығының да референдумға деген белсенділігі ерекше. Сонымен бірге, жергілікті тұрғындар да өз талап-тілектерін айтып, алда болатын оң өзгерістерді құптайтындарын жеткізді. Кезекті іс-шара Түркістан медициналық колледжінде жалғасты. Ұстаздар мен студенттер денсаулық және әлеуметтік мәселелермен қатар, тіл мәселесінде атап өтті. Сонымен қатар, референдумның маңыздылығы жан-жақты қамтылып, өзгерістердің басым бөлігі негізгі тармақтар яғни мемлекеттік басқару және құқықтық жүйеге қатысты екені тілге тиек етілді. 6 мамыр күні облыстық партия филиалы жанынан 18 штаб құрылған. 1132 іс-шарадан тұратын желілік кесте бекітілген болатын. Соның ішінде Мәжіліс депутаттары 197 іс-шараға қатысуы жоспарланған. Аймақта республикалық штабтың жұмысы мамыр айының 12-нен басталып, шалғай елді мекендерді аралау және ақпараттық-түсіндіру жұмыстары 31-мамырға дейін жалғасады деп күтілуде.