Қорғаныс министрлігі 24 қыркүйекте Ақтаудағы оқу-жаттығу кезінде тірі қалған сарбаздарға қатысты мәлімдеме жасады. Ведомство А.Ахметов және Ә. Мағауия есімді сарбаздардың жоғалып кеткені туралы әлеуметтік желіде жазылған ақпараттарды жоққа шығарды. Олардың туыстары әлеуметтік желіде жазба жариялап, балаларының назардан тыс қалғанын айтып дабыл қаққан болатын. Министрліктің хабарлауынша, жаттығу барысында жеке құрамның бір бөлігі теңізге шықпай, жағалаудағы тапсырмаларды орындаған. Аталған екі матрос дәл осы топтың құрамында болған. Қазір екі әскери де аман-есен, әскери бөлімде күн тәртібіне сәйкес қызметтерін атқарып жүр.