Каспий теңізіндегі жағдайға байланысты әскери қызметшілерді тәулік бойы іздестіру-құтқару жұмыстары үздіксіз жалғасып жатыр. Құтқару шараларына еліміздегі барлық құзырлы ведомстволардың күштері жұмылдырылды. Атап айтқанда, су айдыны, жағалау аймағы және оған іргелес аумақтарды әуеден және жерден мұқият тексеру үшін 252 әскери қызметші, 34 бірлік арнайы жерүсті техникасы, 37 әскери сүңгуір, 14 кеме мен катер, сондай-ақ 4 тікұшақты қоса алғанда, 20-дан астам әуе кемесі тартылды. Қазіргі уақытта арнайы құрылған комиссия оқиғаның барлық себептері мен мән-жайларын анықтау мақсатында тиісті тергеу іс-шараларын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар қаза болғандардың отбасыларына және зардап шеккен әскери қызметшілерге мемлекет тарапынан барлық қажетті материалдық және психологиялық көмек көрсетілуде.