Күйеуінен қысым көрген келіншек полицияға шағымданды

138
19.05.2022 05:32

Нұрсұлтанда көп қабатты үйлердің біріндегі жеделсатыда ер адамның өз әйелін соққыға жығып, басынан тепкілеп, бірнеше мәрте ауыр жұдырық жұмсаған видеосы әлеуметтік желіге тарап кетті. Ерінен әбден езгі көрдім деген келіншек тұла бойы көкала қойдай көгеріп, тіпті 4 жерден сынғанын айтады. Ерлі-зайыпты Елордаға Шымкенттен жуырда ғана көшіп барған екен. «Шаңырақ құрғалы бері көргенім осы қорлық»- деген, әйел қазір өз төркініне қайтып, ажырасуға арыз тастапты. Оған қоса, күйеуінің үстінен полицияға да шағымданған. Алайда тергеудің әділ жүріп жатқанына келіншектің көкейінде күмән көп. Өйткені, әлімжеттік жасаған ерінің тіреуі мықты екенін айтады. Ал анасы «Amanat» партиясының Шымкенттегі отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің төрайымы дейді.  Бұл оқиға 28-ші наурыз күні түнде болған екен. Күйеуі жұмсаған ауыр жұдырықтардан соң, әйелдің денесі көкала қойдай көгерген. Оған қоса, омыртқа, құйымшақ, екі қабырға мен жағы сынған. Ол аздай миым да шайқалды дейді. Бұны растайтын дәрігерлердің қорытындылары да бар екен. 4 жыл бойы аяусыз соққы жеп келем деген келіншек ақыры ажырасуға бел буыпты. Ал полицияға берген шағымы үшін енді өз отбасының қауіпсідігіне алаңдайды. Ал Нұрсұлтан қалалық полиция департаменті ҚК 107-ші бабымен іс қозғалғанын айтады. Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылыпты. Қалғанын тергеу құпиялығына байланысты жария етпеді.