Елімізде автокөлік шуын автоматты түрде анықтайтын жүйе енгізілуі мүмкін. Түнгі уақытта тұрғындардың тыныштығын бұзатын жүргізушілерге қарсы бұл ұсынысты Мәжіліс депутаты Кендебай Адамбек Ішкі істер министріне жолдады. Оның айтуынша, жұрт демалып жатқанда қала көшелерінде рұқсат етілмеген жарыс ұйымдастырып, жылдамдықты асыратындар көбейген. Тұрғын үйлердің жанында әдейі қатты шу шығаратын құралдарды орнатып алған көліктер мен мотоциклдер халықтың мазасын алып отыр. Депутат мұндай құқық бұзушылықтарға 5 АЕК көлеміндегі айыппұл тосқауыл бола алмай отырғанын айтады. Сондықтан ол шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, елімізде де көлік шуын автоматты түрде тіркейтін датчиктер мен камералар орнатуды және түнгі тыныштықты бұзғандарға жазаны күшейтуді ұсынды.