Түркістанда қыркүйек айының соңында Халықаралық «Voice of Turan - 2026» қазақ әндерінің фестивалі өтеді. Үш күнге жоспарланған ауқымды мәдени шара биыл осымен жетінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл туралы елордада өткен брифингте Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев мәлімдеді. Биылғы фестивальде әлемнің 20 елінен келген шетелдік өнерпаздар бақ сынайды. Жобаның басты ерекшелігі өзге ұлт өкілдері қазақ тілінде ән шырқап, қазақстандық композиторлар мен авторлардың шығармаларын орындайды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін бұл байқаудың мақсаты, ұлтымыздың әуезді әндерін халықаралық деңгейде насихаттау, ана тіліміздің мәртебесін көтеру және мемлекеттер арасындағы мәдени байланысты нығайту.