Премьер-министр Олжас Бектенов ел экономикасына инвестиция тарту және инвесторларды сүйемелдеу жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Жиында инвестормен алғашқы байланыстан бастап, жобаны іске қосу, кеңейту және қайта инвестициялауға дейінгі барлық кезеңдегі жұмысты күшейту жолдары талқыланды. Басты мақсат – келісу рәсімдерін жеделдетіп, жобалардың іске қосылу мерзімін қысқарту. Сонымен қатар табысты жобаларды масштабтау мен экспортқа шығару тетіктері қаралды. Инвесторлар мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын жеңілдету үшін цифрлық құралдарды кеңінен қолдану көзделіп отыр. Жиын қорытындысында Ұлттық экономика министрлігіне қолданыстағы жүйені жетілдіру бойынша нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеу тапсырылды. Бұл ретте инвестициялық жобаларды сүйемелдеудің бірыңғай вертикалін қалыптастыруға басымдық берілмек.