Түркістан облысында құны 19 миллиард теңге болатын ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Сауран ауданына қарасты Оранғай ауылдық округінде заманауи авиаотын және жанар-жағармай сақтау базасы салынады. Өңір әкімі Нұралхан Көшеров «ҚазМұнайГаз-Аэро» компаниясының өкілдерімен кездесіп, жобаның жай-күйін талқылады. Жаңа кешеннің сақтау қуаттылығы 19 мың текше метрге дейін жетеді. Оның басым бөлігі халықаралық стандартқа сай JET A-1 маркалы авиациялық отынына арналған. Жобаға қажетті 11 гектарға жуық жер телімі бөлініп, қазір тиісті құжаттары әзірленіп жатыр. Құрылыс жұмыстары 2027 жылдың басында басталады. Кәсіпорын пайдалануға берілгенде 50 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады.