Жаңаөзенде ауруханаға бөлінген демеушілік қаржы жымқырылған. Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, 2025 жылы Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы күйік бөлімшесін ашуға демеушілік көмек көрсету туралы «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясына өтініш жасаған. Жобаны іске асыруға 223 млн теңге бөлініп, қаржы қоғамдық қорға аударылған. Бастапқыда оның аясында медициналық жабдықтың сегіз түрін сатып алу және мамандарды оқыту көзделген. Алайда кейін жобаның шарттары өзгертіліп, құны 210 млн теңге тұратын, күйікке шалдыққан науқастарға арналған небәрі екі арнайы кереует сатып алу жөнінде үшжақты шарт жасалады. Дегенмен, жабдық сатып алуға небәрі 92 млн теңге жұмсалғаны белгілі болды.