Көп қаралым, миллиондаған лайк пен оңай келген табыс. Қазіргі әлеуметтік желідегі кейбір блогерлер мен стримерлердің басты мақсаты — осы. Алайда, хайп артынан қуғандардың арасында қоғамға қауіп төндіріп, адамдардың ар-намысына тиетіні де аз емес. Сондықтан тікелей эфирде таныламын деп қауіпті контент түсіріп, арандатушы әрекетке баратындарға жауапкершілікті күшейту керек. Бұл туралы Құрылтай отырысында депутат Жарқынбек Амантайұлы айтты. Оның сөзінше, мұндай әрекеттер бұған дейін де жауапсыз қалған жоқ. Заңды белшесінен басып, тікелей эфирде тәртіп бұзған біршама желі қолданушылары әкімшілік жауапкершілікке тартылған еді. Енді заңнамаға «треш-стриминг» деген нақты ұғым енгізілуі мүмкін. Бұл — қоғамдық тәртіпті бұзатын, зорлық-зомбылықты насихаттайтын және адамды қорлайтын тікелей эфирлерге толықтай тыйым салу деген сөз.