Ақтөбе облысында «Болашаққа – сау тіспен» өңірлік жол картасы сәтті жүзеге асып жатыр. Мектеп қабырғасында стоматологиялық кабинеттер ашу арқылы мамандар балалар арасындағы ауыз қуысы ауруларының алдын алуды көздейді. Осындай заманауи орталықтың бірі былтырдан бері Ақтөбе қаласындағы №56 мектепте тұрақты жұмыс істейді. Егер баланың тісінен ауру белгілері табылса, дәрігерлер бірден ем-дом жасап, ата-анасына бағыт-бағдар береді. Ауқымды жоба аясында өткен жылы облыста 14 кабинет ашылса, биыл тағы 15 мектеп стоматологиялық құрал-жабдықтармен қамтылмақ. Айта кетейік, жыл басынан бері 7 мыңнан астам оқушы тексерістен өтіп, оның мыңнан астамынан жеңіл және орташа дәрежедегі кариес анықталған. Ал алдағы уақытта облыс бойынша бала саны мыңнан асатын 59 мектептің барлығында осындай кабинеттер ашылмақ.