Батыс Қазақстан облысында учаскелік полиция инспекторы ұйықтап жатқан отбасыны өрттен құтқарып қалды. Оқиға Жаңақала ауданына қарасты Қырқопа ауылында болған. Сағат 04:30 шамасында тәртіп сақшысы ауладан қою түтін шыққанын байқап, оқиға орнына барған. Сол жерде үйге жапсарлас салынған қора өртеніп, жалынның тұрғын үйге қарай таралып жатқанын көрген. Полицей дереу үй тұрғындарын оятып, балаларымен бірге қауіпсіз жерге шығарған. Өз кезегінде үй иесі полиция қызметкері келіп, оятпағанда, отбасының жағдайы не болары белгісіз екенін айтып, алғысын білдірді.