Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Лаос Президенті Тхонглун Сисулитті қарсы алды. Екі ел Президенті бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Одан кейін Құрмет қарауылының бастығы Мемлекет басшыларына сәлемдік баянат беріп, екі елдің мемлекеттік Әнұрандары орындалды. Президенттер Қазақстанның Мемлекеттік Туына құрмет көрсетті. Қазіргі уақытта Қасым-Жомарт Тоқаев пен Лаос Президенті шағын құрамда келіссөз жүргізіп жатыр. Мемлекет басшысы екіжақты саяси диалогты нығайтудың, әсіресе парламентаралық және Сыртқы істер министрліктері арасындағы байланысты жандандырудың маңызын атап өтті. Арадағы экономикалық әлеуетті толық пайдалану үшін сауда, энергетика, цифрландыру, көлік-логистика және ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру ұсынылды.