Елде күзгі әскерге шақыру науқаны басталды

52
2026-09-02

Елде күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Жыл соңына дейін 18 бен 27 жас аралығындағы 23 мыңға жуық азамат отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Оның 12 мыңнан астамы – Қарулы күштерге, 7 мыңы – Ұлттық ұланға, 3 мыңы – Шекара қызметіне, 400-ден астамы – Төтенше жағдайлар министрлігіне, ал 300-ге жуығы Мемлекеттік күзет қызметінің қатарын толықтырады. Жауаптылардың айтуынша, әскерге шақыру процесі қазір цифрлық форматқа көшірілген. «Цифрлық шақыру» мен «Smart военкомат» жүйелері арқылы азаматтарды әскери есепке қою, кейінге қалдыру немесе босату процестері автоматтандырылды. Сарбаздарға берілетін жеңілдіктер де көбейген. Мерзімді қызметін өтеушілер 20-ға жуық жұмысшы мамандығын тегін меңгере алады. Бұдан бөлек, несие төлемдерін кейінге қалдыру және әскерден кейін ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орындарының мемлекеттік грантына түсу мүмкіндігі қарастырылған. Күзгі әскерге шақыру науқаны 31 желтоқсанға дейін жалғасады.