Сахна төрінен әскери сапқа! Шымкенттік музыкант Әлішер Олжабай бүгінде Ұлттық ұлан сапында Отан алдындағы борышын өтеп жүр. Кәсіби барабаншының армия қатарына қосылуына әлеуметтік желідегі бір ғана бейнеролик себеп болыпты. Бастапқыда қатардағы сарбаз Әлішер де өзге әріптестерімен бірге саптық дайындықтан өтіп, әскери күн тәртібіне үйренді. Көп ұзамай сахнада жинаған мол тәжірибесі әскери ортада кәдеге жарады. Оркестр ұжымы жас таланттың шеберлігін бірден байқап, шығармашылық шыңдалуына жағдай жасап отыр. Ендігі мақсаты – мерзімді қызметін аяқтаған соң, келісімшарт негізінде Ұлттық ұлан оркестріндегі өнерін әрі қарай жалғастыру.