Алматыда Түркістан облысы тауар өндірушілерінің ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтті. Екі күнге созылған сауда-саттықта мегаполис тұрғындарына өңірдің аудан-қалаларынан жеткізілген 500 тоннадан астам өнім ұсынылды. Оның ішінде ет пен сүт, көкөніс пен жеміс-жидек, сондай-ақ бақша дақылдары бар. Түркістандық шаруалар өнімдерін нарықтағы бағадан 15-20 пайызға төмен бағада саудалады. Жәрмеңкеде тұтынушылардың сұранысына ие болған ауыл шаруашылығы тауарларының бірқатары тез өтіп, сауда қызу жүрді. Айта кетейік, Түркістан облысында жыл басынан бері 458 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндірілген. Ал агроөнеркәсіп саласына тартылған инвестиция 161 миллиард теңгеден асты.