Ордабасы ауданы, Темірлан елді мекенінде төрт түлік қалдықтарын кәдеге жарататын кәсіпорын биыл ашылады. Зауытта сүйектен май және желатин өндіріледі. Сонымен қатар сүйекті үгітіп, одан әртүрлі ыдыстар мен басқа да өнімдер, жем шығару мүмкіндігі де зерттелуде. Нысанның жай-күйімен облыс әкімі Нұралхан Көшеров танысты. Жобаның жалпы инвестициялық құны – 9 млрд теңге. Оның бірінші кезеңіне 2,5 млрд теңге инвестиция салынған. Алғашқы кезеңі биыл қыркүйек айында іске қосылады деп жоспарланған. Бұл кезеңде 30 адам жұмыспен қамтылады. Кәсіпорында жылына 5 мың тонна май және желатин компоненттерін өндірілмек. Жоба толық жүзеге асқан жағдайда 100 жаңа жұмыс орны ашылады.